20 жасында Олимпті бағындырған Бекзат Саттархановты халық ұмытып барады (фото, видео)
Бүгін ел мақтанышы болған Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірге келген күні. Боксшы Бекзат көзі тірі болғанда биыл 36 жасқа толар еді.
Сидней Олимпиадасында ел туын көкке желбіретіп, небәрі 20 жасында чемпион атанған батыр ұл 2000 жылдың 31 желтоқсаны күні жол апатынан көз жұмды. Бұл қазақ елі үшін орны толмас қасірет еді.
Содан бері жыл сайын даңқты боксшының құрметіне орай турнир өткізіліп келеді. Алғашқы жылдары турнирге қызығушылық танытып, қолдаушылар көбейгенімен, соңғы жылдары, әсіресе, билік тарапы ұмыт қалдырып бара жатқандай деп қынжылады батырдың әкесі Сейілхан Саттарханов пен анасы Сырлыкүл. Қазақ елін әлемге паш еткен спортшының ата-анасымен сұхбаттасқан сөздерінен мұң мен ренішті байқамау мүмкін болмады.
МАРҚҰМ БЕКЗАТТЫҢ АНАСЫ СЫРЛЫКҮЛ
- Сейілхан аға, спорттың бокс түрі бойынша Бекзат Саттархановтың құрметіне орай өткізілетін турнирдің дәстүрге айналғанын білеміз және ол дода қазақ боксшысының дүниеге келген күніне қарай ұйымдастырылады. Биыл да бұл дәстүр ұмыт қалмады. Оның ашылу салтанатына өзіңіз де қатыстыңыз. Айтыңызшы, турнирдің деңгейінің бұрынғыларына қарағанда ерекшелігі бар ма?
- Былтыр турнирдің ашылу салтанаты Түркістандағы Қазақ-түрік университетінде өтті. Ол Бекзаттың 35 жылдық құрметіне орай өткізілген шығар. Биыл Б.Саттарханов атындағы сарайда шымылдығы түрілді. XV турнир ғой биылғысы. Бүгін финал болады. Бірақ Бекзаттың атындағы турнирді бұдан да кең көлемді етіп өткізу керек қой негізі... Турнир Бекзаттың туған күні құрметіне орай ұйымдастырылады. Басқа да шаралар бар. Тек Түркістанда өтеді, бірақ. Бекзат бір ғана Түркістанның намысын қорғаған жоқ қой. Ол күллі қазақтың атынан шықты. Осы ретте оның құрметіне додалар республиканың басқа да облыстарында, Алматы, Астанада, тіпті облыс орталығы Шымкентте неге өткізілмейді деген сұрақ туындайды. Мәселен, биылғы турнирге ешкім келген жоқ. Тек атақты боксшы Ермахан ғана келді. Басқа басшылар жоқ, тіпті Түркістанның әкімі де келмеді. Енді ол кісі босамаған шығар. Бірақ ұлымның құрметіне өткізілген алғашқы турнирлерде қала былай тұрсын, облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі келген. Ал қазір Бекзатты тек Түркістан біледі. Ел ұмытып бара жатқандай...
- Аға, жыл сайын өтетін доданың куәгерісіз. Қазіргі боксшылардың деңгейі туралы не айтасыз? Себебі соңғы кездері «Оңтүстіктен Бекзаттың ерлігін қайталайтын бірде-бір спортшы шықпай жүр» деген әңгіме жиі айтылады.
- Неге Оңтүстікте Бекзаттан кейін бірде-бір спортшы олимпиададан алтын медаль әкелген жоқ? Иә, кейінгі кездері бұл сұрақ бізде көбірек айтылып жүр. Мен мынаны айтайын, 2000 жылы спортқа деген көзқарас бұдан да нашар болатын. Ел экономикасы да бүгінгідей өркендемеген. Қазіргі жағдай жақсы ғой. Қаржы жағының да барлығы шешілген. Спорт кешендері де бәрі жақсы сияқты. Бірақ, 2000 жылдан бері бірде-бір алтын медальға ие болған спортшы шықпай жатыр біздің өңірден. Былай қарағанда спортшылардың деңгейі жаман емес секілді. Сиднейге біздің қазақтың жеті боксшысы барды. Оның төртеуі финалға жолдама алды. Керек десеңіз, ол кезде елдегі спорттың жағдайы нашар болатын. Неге сол жағдай бүгін қайталанбайды? Жігерлілік жетіспей ме? Әлде бүгінгі спортшылар мақсат қоя алмай ма алдына? Әлде бұл жігіттерде ұлттық рух жоқ па? Мүмкін психологиялық жағдайы ма кедергі? Сансыз сұрақ, бір қарасаң боксшыларымыз жақсы сияқты. Бірақ, шаршы алаңдағы жағдай өзгермей тұр.
Осы ретте әңгімеге Бекзаттай ұлт мақтанышын дүниеге әкелген анасы Сырлыкүл ана араласып, турнирдің тек Түркістанда өткізілетініне ренішін байқатты.
- Биыл турнир он бесінші рет өтіп жатыр. Мен күні кеше оның ашылу салтанатында болдым. Тек Бекзатың атындағы спорт сарайының директоры ғана атсалысып жүр. Меніңше, сол сарайдың ұжымы ғана турнирдің барынша жақсы өтуіне тырысып жүрген. Сапарбаев облыс әкімі болып тұрған кезінде оның өзі турнирге келіп, екі сағаттық уақытын қиып, турнирді ашып берді. Ел алдында Бекзаттың қалай жеңіске жеткенін айтып сыр шертті. Содан бері қанша әкімдер келіп кетті. Қазіргі облыстың әкімін біз танымайды да екенбіз. Екі сағаттық уақытын қиып келуіне болатын еді. Бірақ әкімдердің жұмысы көп қой. Тым болмағанда өзі болмаса да, орынбасарын жіберсе болар еді.
Турнир тек Түркістанда өткізіліп келеді... Кешегі жарыстың ашылу салтанатына барып үндемей қайттым. Өткеніне қуандым. Әйтеуір батырымыздың аты өшіп қалмаса болды. Үндемей, тілімізді тістейміз де, бәрі жақсы деп қоямыз. Бірақ, бәрі жақсы емес. Себебі биліктегілер келіп, бір ауыз құттықтауы мен Бекзаттың еңбегін айтса, жастарға үлгі болар еді. Содан кейін жастар «өзі кетсе де, елі ұлықтап жатыр. Біз де ел жалауын көтерейік» деп алға ұмытылар еді. Біз де қуанып қалатын едік.
Бекзат - елдің азаматы емес пе? Елдің батыры, жалғыз менің балам емес. Әкім - елдің әкімі ғой. Бекзат сияқты ұлдар әлі шыққан жоқ. Кешегі турнирдің ашылуына спорт басқармасынан адамдар келіпті дегенді естідім. Бірақ, біздің қасымызға біреуі келген жоқ. Ұлым тірі болғанда... Бізде көзі тірі адамдардың құрметіне өткізілетін жарыстар жоғары дейгейде өтеді ғой.
Айта берсек өкпелей береміз, біз, Бекзаттың ата-анасы бүгінде қартайып келеміз. Бұл жайтты айтатын адам да ертең табыламйды. Ертең оның сұрауы да болмай, елдің батырлары ұмыт қалады... «Шаң басқан архивтерден табыламыз» деп ақын айтқандай, сол сияқты ұлым да шаң басып қала ма деп қорқамын...
- Сырлыкүл апа, ренішіңізді түсіндік. Енді бізге Бекзаттың ел білмейтін сырымен бөлісе кетіңізші...
- Оның өмірін, тарихын, Олимпиада чемпионы болуға қандай еңбек еткенін, қайтып еңбектеніп жеткенін халық бәрімен де таныс. Бекзатты айта берсек, таусылмайтын жыр. Жиырма жасында Олимпиада чемпионы болды. Барлық әңгімесін халыққа айтып кетті. 15 жасында мен ұлымды жібергенмін. Сол 5 жылдың ішінде ұлыммен бір рет те туған күнімде, ең болмаса 8 наурызда бірге болмаппын. Мен кейде оның құрметіне өткізіліп жатқан турнирге қарап қапа боламын... Мені бүгінде құттықтайтын ұлым жоқ. Ол өз жеңісін менің жеңісім - елімнің жеңісі, қазағымның жеңісі деп айтқан. Тағы бір атап өтерлігі, Олимпиададан кейін оны жан-жаққа, тіпті шетелге 3-5 жылға келісімшартпен шақырды. Оған мен өзім куәмін. Бапкері «Жүрші мынаған қол қойшы» деп айтты. «Сенімен бірге барамын» деді де. Сонда ол: «Жоқ, мен ешқандай шетелге бармаймын. Қазағыма үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын деп уәде бергенмін. Мен Оңтүстік Қазақстаннан басқа кез келген облысқа ауысуым мүмкін. Бірақ Қазақстаннан ешшқайда кетпеймін» деп айтқан болатын. Оның қыр-сырын осыдан білуге болады. Ол елім, жерім, қазығым деп кеткен ұл. Дүйсенбі күні Бекзаттың құрметіне ұйымдастырылған турнирдің финалы өтеді. Тағы да өкпелеп қаламын ба деп, бару, бармауымды ойланып отырмын.
Ақпарат ретінде айта кетейік, ағымдағы жылдың 31 наурызында Түркістанда Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы ХV халықаралық турнир жалауын көтерді. Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан дүбірлі додаға Қазақстанмен қатар Ресей, Қытай, Израиль, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен келген былғары қолғап шеберлері бақтарын сынауда. Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, Сидней олимпиадасының чемпионы Е.Ыбырайымов, Алматы қаласындағы Б.Саттарханов атындағы спорт мектебінің директоры Б.Қырықбаев және де Бекзаттың әкесі Сейілхан Саттарханов пен анасы Сырлыгүл ана қатысып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Қазақ боксшысы Бекзат Саттарханов халықаралық дәрежедегі және де Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері. Жартылай жеңіл салмақ дәрежесі бойынша Сиднейде өткен жазғы олимпиадада алтыннан алқа тақты. Ол 2001 жылға санаулы минуттар қалған сәтте Оңтүстік Қазақстан облысы, Темірлан трассасында автокөлік апатынан қаза болды.
Бекзаттың есімі әлемге танылады деп ата-анасына тіпті де ойламаған екен. Себебі үйінің кенжесі болған ол бала күнінде өте нәзік әрі әлжуаз болған. Бүгінде спортшының туып-өскен жері Түркістан қаласында Бекзаттың атындағы мөлтекауданы мен спорт кешені бар.